12 мам, 2022 сағат 13:54

Референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі


ҚР Конституциясына барлығы 56 өзгеріс енгізілгелі отыр. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілмек. Егер оның әрқайсысын жеке сауал ретінде қарастырсақ, әр азаматқа жеке 56 бюллетень керек. Яғни әр азамат 56 бюллетенді оқып, бөлек-бөлек дауыс беруіне тура келеді. Бюллетеньде 1 ғана сауал болудың себебі Конституцияға енгізілетін өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты және ұқсас. Егер азамат бір өзгеріске қарсы шықса, ол екінші өзгеріске әсерін тигізеді. Ал енгізілмек өзгерістер бір-бірімен ұштасып жатыр», - деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ вице-министр қазақстандықтарды референдумға белсенді қатысып, ел тағдыры үшін маңызды шешімді бірге қабылдауға шақырды. 

«Әрине, әр азаматтың өзгерістермен келісуі немесе оған қарсы шығуы өз таңдауында. Ең бастысы, шешімді ой сүзгісінен өткізіп барып қабылдаған жөн. Біз демократиялы елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан таңдау еркі болуы қажет», - дейді ол.