ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Томирис» фильмінің қазақша нұсқасының кешігіп шығуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Томирис» фильмінің қазақша нұсқасына қатысты пікір білдірді.
«Негізінде фильмнің екі нұсқасы дайындалған. Негізгі нұсқасы қазақ тілінде болатын. Ол нұсқа фильм премьерасынан кейін бір апта өткен соң шықты. Шынымен ұят болды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп үміттенемін. Титрлар мен субтитрлерде қателер болған. Бұл көрерменге көрсету мүмкін емес қарапайым қателер еді», - деді министр.
Ол осы үшін жауапты адамдар әкімшілік тәртіпте жауапқа тартылғанын айтты.
«Әрине, бұл фильмнің премьерасы не себепті қазақ тілінде болмағаны туралы сұрақты шешіп бере алмайды. Бұл қателік бөлім жұмысшыларының қателігінен болған», - дейді Ақтоты Райымқұлова.
Еске салсақ, әлеуметтік желі қолданушылары туындының тек қана орыс тілінде жүріп жатқанын айтып, қазақ киносының қазақ тілінде көрсетілмеуіне наразылық білдірген еді.
Режиссер фильмнің қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар екенін, титрлерді латын әліпбиінде жазғанда грамматикалық қателер кеткенін түсіндірді.