20 жел, 2019 сағат 13:23

Рауан Кенжеханұлы: Президенттің шетелдік жұмыс күшін 40%-ға қысқарту туралы шешімі аса маңызды

Белгілі қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында көтерілген ұсыныстарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген ұсыныстардың барлығы қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға арналған деп айта аламын. Соның ішінде маңызды шешімдердің бірі, ол қазақстандық ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін шетелдік және отандық жұмысшылардың экономикалық құқықтарын теңестіру. Сондай-ақ, шет елден келетін жұмыс күшін 40%-ға пайызға дейін қысқартып қазақстандық жұмысшылардың санын арттыру. Бұл қазақстандық қарапайым жұмысшының жағдайын жақсартып, жұртты еңбекпен қамту бағытындағы үлкен әрі маңызды шешім болды», - дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтті. Отырыста Президент шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқартуды тапсырды.