27 мам, 2020 сағат 12:03

Рауан Кенжеханұлы: Кеңес жиынында білім беру жүйесіне ерекше басымдық берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында айтылған мәселелер мен бастамаларға қатысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы сарапшылық пікірін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Онлайн өткен отырысқа қоғам қайраткері өзі де қатысып мектептердің бір ауысымға көшуі мен қашықтықтан оқыту мәселелерін көтерген еді.

«Бүгінгі өткен кеңесте білім беру жүйесіне ерекше басымдық берілді. Бұл саланы одан әрі жан-жақты дамыту мәселелері талқыланып нақты ұсыныстар айтылды. Білім беру саласындағы көп мәселелер қаржыландыруға байланысты екені анық. Ең озық 10 елдің қаражаты мен біздің бюджетті салыстырғанда 10 есе алшақтық байқалады. Нақты мысалдарды Президенттің өзі келтірді және үкімет пен білім министрлігіне тапсырма берді. Болашақта осы мәселені кезең-кезеңмен орындауды тапсырды. Бұл білім саласының дамуына, мұғалімдер мен жастардың болашағына қолдау болып табылады», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарынан орын алуына ештеңе кедергі болмауы тиіс екенін айтты.

«Мемлекет басшысы кеңес мүшелерінен түскен ұсыныстарды да қолдағанын тілге тиек етті. «Мәселен, қашықтан оқытуға байланысты технологияларды кеңінен енгізу мәселесі қолдау тапты. Әрине, бір кеңеспен немесе бір жиынмен мәселенің бәрін шешіп тастау мүмкін емес. Ең маңыздысы бұл процесс жанданды. Мен осы саламен айналысып жүрген маман және кеңес мүшесі ретінде бүгінгі өткен жиынның шешімдерімен келісемін»,– деді Рауан Кенжеханұлы.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы онлайн форматта өтті. Кезекті отырыстың тақырыбы адами капиталды дамытуға,ғылым, білім беру, денсаулық сақтауға арналды.