15 нау, 2024 сағат 20:09

Рәміздегі бейнелер түсіндіруді қажет етпеуі керек


Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тарихынан сыр шерте отырып, біздің халықтың өзіне ғана тән керемет қасиеттерін айшықтап тұруы қажет. Сонымен қатар, рәміздерде бейнеленген символдар, белгілі бір түсіндіруді қажет етпеуі керек деп ойлаймын. Мысалы, біз АҚШ елтаңбасында көрсетілген жыртқыш құстың бейнесі арқылы, басқаға емес, тек өз күшіне сенетін қайтпас-қайсар халықтың сипатын елестетеміз, түсінеміз. Сол сияқты біздің туымыздың аспан түстес болуы, қыран құстай еркіндікті қалайтын, ұлан-ғайыр жерге ие намысты халықтың образын сипаттап тұр.

Дәл осы секілді әнұранымыз шырқалған кезде бойымызды бір ерекше күй баурап алып, тұла бойымыз шымырлап, халқымыздың басынан кешірген қиын күндер елестеп, соны мойымай жеңіп шыққан халық екенімізді ойлап кеудемізді мақтаныш кернейді. Бұл да әнұранымыздың нақты, халыққа сай етіп таңдалғанының куәсі. Себебі, бұрынғы әнұранымызға қарағанда, қазіргі әнұранымызды жатқа білмейтін адам жоқ десек қателеспейміз. Еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін әнұранның әуенін естігеннен қолдарын кеудесіне қойып әндете жөнелетінін бәріміз де көріп жүрміз.

Ал елтаңбаға келетін болсақ, жастар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесін естіп кәдімгідей ойланып қалдым. Себебі, көпшілігі елтаңбада көрсетілген символдардың мағынасын дұрыс түсіндіре алмапты. Бұл нені айтады?! Рәміздерде көрсетілген символдар сөзсіз түсінілуі қажет. Ол ешқандай түсіндіруді, ұғындыруды қажет етпеуі тиіс. Сондықтан, елтаңбаны еліміздің тарихына сай келетін нышандармен әрлеп, түсінікті етіп қайта жасауға қарсы емеспін. Жастар рәміздерді жатқа сипаттап беруі тиіс. Қазақтың қазақтығын танытатын, санада тез жатталып қалатындай тарихи естеліктер, символдар бізде жеткілікті деп ойлаймын.

Рауан Кемербай
Лев Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының доценті
Философия ғылымының кандидаты