Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-да ең жоғары балды жинаған алматылық түлекке iPhone сатып алды.
Әлімқұлов биылғы жылдың мамырында ҰБТ-ның он бес жылдық мерейтойы құрметіне алғаш болып ең жоғары балл жинаған түлекке сыйлық жасайтынын мәлімдеген еді. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Алматы қаласындағы №123 мектеп-гимназияның түлегі Шиара Әбдірахымқызы Құдайбергенова Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ең жоғары 140 балды жинағанын ести сала, уәдесін орындауға асықты, түскі үзіліс кезінде гаджет сатып алуға барды.
"Биыл ең жоғары деңгейге жеткенімізге қуанып отырмыз. Бұл қуанышты күнді өткен жылы тестілеудің жаңа форматы енгізілгеннен бері күтіп жүрген едік. Уәдемді орындап, телефонды сатып алдым, енді сыйлықты тапсыру үшін Шиарамен кездесуді күтеміз", – деді Рамазан Әлімқұлов Sputnik тілшісіне.
Смартфонды тапсыру үшін алматылық түлек Астанадағы қорытынды баспасөз конференциясына шақырылды. Егер ол елордаға келе алмай қалған жағдайда сыйлықты ұлттық тестілеу қызметкерлері апарып береді.
"Шиараға сәттілік тілеймін. Ол үлкен өмірге қадам басып жатыр. Қажетті мамандықты таңдап, жақсы маман болып шығуына тілектеспін. Ал оның білімі мен тәжірибесі еліміздің дамуына септігін тигізеді деген ойдамын", – деді Рамазан Әлімқұлов.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусымда басталған. ҰБТ-ны биыл 102 447 түлек тапсырады.