08 мау, 2020 сағат 13:38

«Qazsport» арнасына жаңа басшы тағайындалды

Нағи Бақытбеков «Qazsport» телеарнасының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы арнаның ресми сайтында хабарланды. 

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай ұжымға жаңа басшыны таныстырып, Н.Бақытбековтің тағайындалуы арнаның қызметіне жаңа серпін беріп, одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді. 

Нағи Бақытбеков 1987 жылы дүниеге келген. Бұған дейін «KazFootball» ақпараттық футбол порталының директоры, соңғы үш жылда Қазақстан футбол федерациясы Маркетинг және PR департаментінің директоры қызметін атқарған.

«Qazsport» арнасы спорт жанкүйерлерінің сұранысына сай ішкі чемпионаттар мен халықаралық беделді бәсекелерден хабар таратып қана қоймай, жас жеткіншектерді спортқа баулып, қазақстандықтардың салауатты өмір салтын қалыптастыру ісіне атсалысуы тиіс», - деді Л.Танысбай.

Сондай-ақ Басқарма төрайымы осыған дейін арнаны 5 жылдан аса басқарған Павел Цыбулиннің отандық спорт журналистикасының дамуына қосқан үлесі мен сіңірген еңбегін атап өтіп, атқарған жұмысы үшін зор алғыс білдірді.

«П.Цыбулин тәжірибелі маман ретінде аутсорсинг компанияда «Qazsport» телеарнасының контент өндірісі және шығармашылық жобалармен айналысады», - деді Л.Танысбай.

«Qazsport» - Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз спорттық телеарна. 2013 жылдың 1 шілдесінен эфирге шыға бастады.