29 нау, 2022 сағат 15:11

QazExpoCongress әлжелідегі «жағымды пікірге» миллиондап ақша шығындамақ


Экс-президент әулетіне қатысы бар адамдар кезекті мәрте жұртшылықты таңғалдырды. Ulysmedia.kz редакциясының хабарлауынша, Дариға Назарбаеваның құдасы басқарып отырған компания әлеуметтік желіде жазылған әр негативке оң пікірмен жауап қатқандарға жоғары ақы төлемек. 

Иә, бұл мәселе тікелей QazExpoCongress Ұлттық компаниясын 2020 жылдан бастап басқарып келе жатқан Аллен Шайжүнісовке қатысты болып отыр. Назарбаев әулетімен қандай жақындығы бар десеңіз, 2018 жылы оның жиені Дален Шайжүнісов Дариға Назарбаеваның қызына үйленді. 

Алайда, Шайжүнісов құдаларынан тиісті сабақ алмаған секілді. Өйткені, ол қызылды-жасылды көркем сөз бен мақтанға құмар болып шықты. QazExpoCongress компаниясы БАҚ-тағы мониторинг пен SMM қызметін пайдалану бойынша заңға сәйкес еліміздегі компаниялардың бірімен келісімшарт жасасқан. Бірақ оның бір тармағында мынадай қызықты байқадық. Мәселен, осы тапсырысты орындаушылар желіде жазылған жағымсыз пікірді 20 ұнамды комментариймен алмастыруы қажет. Сондай-ақ тапсырыс берушінің кейсінде 1 сағат ішінде 50 ұнамды пікір мен әрқайсысына реакция арқылы белгіленетін лүпіл болуы тиіс. 

Негатив пікір мен БАҚ-та компания қызметіне қатысты жағымсыз жазба жарияланғанын тапсырыс орындаушы тарап күні-түні бақылап, олқылықтың орнын дер кезінде жауып отыруға міндеттеледі. Ал егер бұл жүйе тиімсіз болса, 24/7 режимде арнайы мамандар өз бақылауына алады. Өте жауапты жұмыс, әрине. Бірақ қызмет құны да аз емес. Тапсырыс беруші бұл жұмысты жүргізуге жылына 6 млн теңге бөліп отырады.

Шынында да бүгінде  PR қызметіне жүгінетін компания аз емес. Проблемалар әрқайсысында кездеседі. Бірақ оны дер кезінде шешу тікелей тапсырыс беруші тараптың абыройына әсер етеді. 

Ал 24/7 режимде әр жағымсыз комментарийді бақылап, жауап беріп, алаңдаушылық білдіретіндей QazExpoCongress компаниясының басына не күн туды деген ой келеді. 

Дегенмен таяқтың екі ұшы бар дегендей, QazExpoCongress «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының орнын басқан болатын. Әр нәрседен секем алудың мәнісі осы болар деп топшылаймыз. Иә, біз баяндап отырған екінші компания 2015 жылы еліміздегі ең ірі жемқорлық дерегі бойынша даудың ортасында қалды. Ал экс-төрағасы Талғат Ермегияев пен  "Астана ЭКСПО-2017" компаниясындағы департаменттің экс-басқарушысы Қажымұрат Үсенов темір торға тоғытылды. 

Ал ең қызығы Аллен Шайжүнісов 2015 жылы аталған лауазымды тұлғалармен қатар «Астана ЭКСПО-2017» компаниясында Маркетинг бойынша іс жүргізетін департаменттің басқарушы директоры болды. Бірақ жемқорлық ісіне қатысы жоқ болып шықты. Оған дейін ол Маңғыстау облысы әкімдігінде аппарат басшысының орынбасары, «Самрұқ-Қазына Контракт» ЖШС басқарушы директоры, ҚР Денешынықтыру және Спорт агенттігінде Төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды. 

2019 жылы "Астана ЭКСПО-2017" жаңа атау алып, оның акцияларының пакетін ҚР Сауда және интеграция министрлігі өз қолына алды. Болжам бойынша QazExpoCongress компаниясы мемлекеттік және халықаралық сауда-экономика саласындағы жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыратын бірегей операторға айналуы тиіс болатын. 

Бүгінде компания Nur Alem музейін өз бақылауында ұстап, халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларды ұйымдастырады. Айтпақшы, дәл осы компания EXPO-2021 көрмесіндегі қазақстандық павильонды ашып, 2019 жылы Astana Economic Forum іс-шарасын өткізген еді. 

БАҚ-та жарияланған түрлі пікірді саралап көрсек, Дубайда ашылған павильон көпшілік көңілінен шыққандай.Ал түсініксіз болып отырған бір жайт қана бар. Сонда  QazExpoCongress Ұлттық компаниясының басшылығы тәулік бойы үздіксіз қай жаумен күресіп отыр? Қызық!