31 нау, 2021 сағат 16:20

QazCOVID-in вакцинасы қалай әзірленді?

QazCOVID-in вакцинасының қауіпсіздігі толық дәлелденді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Qazcovid-in қазақстандық вакцинасы туралы» брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Qazcovid-in вакцинасы қазіргі уақытта қандай сатыда? Бұл вакцина халықаралық ережелерге сәйкес бірнеше сатыдан өтеді. Ең алдымен патологиялық материалдан тірі вирустың өзі бөлініп алынады. Патологиялық материалды 2020 жылы 23 наурызда Алматыда коронавируспен ауырған адамдардан бөліп алдық. Одан кейін патологиялық материалдан тірі вирусты бөліп алдық. Оны қайта өсіріп, соңында таза вирустың өзін бөліп алдық. Келесі сатыда одан вакцина жасау технологиясын реттеуге кірістік. Вацинаны 2020 жылы 15 мамырда жасап, ресми түрде тіркедік», - дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Оның айтуынша, келесі саты – клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстары болды. 

«Клиникаға дейінгі зерттеулер арнайы сертификаттары бар зертханада жүргізілді. Біз жануарлардың бірнеше түріне зерттеу жұмысын жүргіздік. Qazcovid-in вакцинасының қауіпсіздігі толық дәлелденді», - деп атап өтті ол.