16 қазанда Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына арналған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша республикалық лекторий өз жұмысын бастады.
ҚХА-ның «Qazaqtaný» дәрістері биыл Түркістан және Павлодар облыстарында өткен болатын.
Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық лекторийі «Qazaqtaný» жобасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында оны жаңа қырынан толықтыруға бағытталған.
Аталған шараның ежелгі Жайық жерінде ұйымдастырылу мәнін атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен бірлікті нығайтуға қомақты үлес қосып жатқанын да айтып өтті.
«Оның құрамында 1 облыстық және 13 аудандық ҚХА Кеңесі, 239 - Қоғамдық келісім кеңесі, 158 - Аналар кеңесі, 153 - Ақсақалдар кеңесі, Журналистер клубы, облыстық мәслихаттың «Ынтымақ» депутаттық тобы, Батыс Қазақстан облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, барлық оқу орындарында достық клубтары және «Мейірім шуағы» волонтерлер қозғалысы бар.
21 000-нан астам адам белсенді актив қатарында.
Әкімдіктің қолдауымен барлық қажетті жағдайлар жасалған. Орал қаласының орталық бөлігінде орналасқан жаңа Достық үйі заманға сай техникалық жабдықталған.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыстағы киелі нысандар қатарына Жайық қалашығы, «Бөкей Ордасы» тарихи-мұражай кешені, Тақсай қорған кешені, Жұмағазы әзірет пен Ғұмар Қараштың бейіті, Жымпиты ауылындағы Алашорда музейі кірді.
Ассамблеяның бастамасымен «Рухани жаңғыру» музейі ашылды, латын графикасына көшу жөніндегі, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Туған жер» жобалары іске асырылды.
Ғылыми-сарапшылық топ жұмыс істейді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы жұмыс істейді».
Пленарлық мәжілістің жұмысына сәттілік тілеген Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғали Исқалиев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде қазақтай қара шаңырақтың уықтарына айналған барша этностарды бір мүддеге тоғыстырып, татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің темірқазығына айналды.
«Мәңгілік ел» болу мұратына бағытталған біртұтас ел, бір тағдыр қағидасын көздейтін Ассамблеяның тың жобаларының ішіндегі ғылыми-танымдық «Қазақтану» жобасы - қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын барлық қазақстандық этностар арасында дәріптеуге арналған. Сондықтан осы жобаның маңыздылығы мен мақсаттарын ұлықтауға арналған бүгінгі жиынымыздың да нарқы зор деп білемін», - дей отырып, жобаның негізгі мақсаты – қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту екенін атап өтті.
Жыл басынан «Ұлы даланың жеті қыры» мен «Қазақтану» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жүзеге асырып келе жатқан көптеген игі шаралары туралы сөз еткен облыс әкімі: «Рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышанына айналған, сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделерді арқау еткен бағдарламаны жүзеге асыратын «Рухани жаңғыру» орталығы да облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы болып табылады.
Күні бүгінге дейін бағдарламаның «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» бөлімдері бойынша, сондай-ақ Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра party» сияқты көптеген игі шаралар атқарылды», - деп атап өтті.
Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясының ауқымды жұмыстар атқарып, Ассамблея жұмысында көптеген маңызды бастамалардың генераторы болып отыр. Дәл осы өңірде бүкіл ел бойынша халықпен жұмыстың маңызды құралы болып табылатын, ҚХА-ның алғашқы қоғамдық келісім кеңестері құрылған болатын.
«Qazaqtaný» мәдени-ағартушылық жобасы мәні мен маңызы бойынша «Рухани жаңғыру» идеясына сәйкес келеді.
Бүгін жаңғырудың жаңа кезеңі аясында қазақ халқының құндылықтары да жаңартылуда», - деген Жансейіт Түймебаев жоба аясында 2019 жылдың басынан бері республикалық және өңірлік деңгейлерде 57 000 адамды қамтитын 167 іс-шара өткізілгенін, жобаның БАҚ-та кеңінен жарияланғанын атап өте отырып, жобаның барлық ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғыс білдірді.
Жалпы, республикалық лекторий аясында ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар БҚО ҚХА «Татуласу» орталығында болды. Сонымен қатар, ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының кеңейтілген отырысы, сондай-ақ 16-17 қазан күндері Батыс Қазақстан облысында қаланың Достық үйі мен әр түрлі мекемелерінде және Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандарында: жоғары оқу орындарында, колледждерде және басқа да ұйымдарда «Qazaqtaný» дәрістері өткізілді.