08 мау, 2020 сағат 13:26

Qazaqstan телеарнасының 24 қызметкерінен коронавирус табылды

Qazaqstan телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы 24 қызметкерінен, сондай-ақ "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында тәжірибеден өтіп жатқан адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін тексеру департаменті хабарлады.

"Қазақстан" ТРК-де коронавирус инфекциясының 24 жағдайы тіркелді. Кәсіпкерлер палатасында ауру таралған жоқ, тәжірибеден өтіп жатқан бір адамнан инфекция табылды", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Алматыдағы "Қазақстан" ТРК Желтоқсан көшесі, 177 мекенжайында, Сәтбаев көшесінің қиылысында орналасқан.  

Санитар дәрігерлер "Қазақстан" ТРК-дағы науқастар қызметкерлерге аудандық басқармамен бірлесіп профилактикалық тексеру жүргізу кезінде анықталғанын жеткізді.

COVID-19 жұқтырғандармен, сондай-ақ байланыссыз науқастармен тікелей қарым-қатынас жасаған барлық адам тексерілді, деп нақтылады ведомство.

Сонымен қатар, "Қазақстан" ТРК-мен бір ғимаратта орналасқан және кіреберісі ортақ "Еуразия бірінші арнасының" қызметкерлері де тексеруден өткен.

Әзірге вирус жұқтырғандардың қаншасы журналист екені белгісіз.

22 мамыр күні Нұр-Cұлтан қаласында бірнеше бұқаралық ақпарат құралы орналасқан “Қазмедиа орталығынан” коронавирус жұқтырғандар анықталып, қатаң карантин тәртібі енгізілген. Орталықта орналасқан “Еуразия” арнасының екі қызметкерінен коронавирус табылған еді.

Айта кетейік, 6 маусым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли де өзіне коронавирус жұққанын хабарлаған. 

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда COVID-19 ауруы 12 859 адамнан анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі 6 маусымнан бастап коронавирус жұқтырып, бірақ бойында аурудың белгілері жоқ адамдарды ресми статистикаға қоспайтынын мәлімдеді. Министрліктің айтуынша, елде ауру белгілері жоқ адамдардың саны – 1357.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы адам 13 наурызда тіркелген. 7484 адам жазылып шықты. 56 адам коронавирустан қайтыс болды.