"QazaqGaz" Ұлттық компаниясы" АҚ бірқатар кадрлық тағайындаулар жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі мәліметінше, басқарма төрағасының әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі орынбасары болып Ақбар Төлегенов тағайындалған. Ол Ұлыбританияда жоғары білім алған, Warwick Business School, University of Warwick бітірген, менеджментте ғылым бакалавры, маркетинг пен стратегияда ғылым магистрі, МВА дәрежесі бар. Қаржы ұйымдарында, телекоммуникация саласында, сондай-ақ мұнай-газ секторының компанияларында үлкен басшылық тәжірибесі бар.
"QazaqGaz" ҰК" АҚ еншілес компаниясы "Интергаз Орталық Азия" АҚ басқарма төрағасы (бас директоры) болып Манас Тасыбаев тағайындалған. Ол Алматы теміржол көлігі инженерлері институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша алған. Оның отандық газ тасымалдау саласында елеулі тәжірибесі бар. Бес жылдан астам уақыт бойы "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ бас директоры қызметін атқарған. Атырау қаласының әкімі, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Тағайындалғанға дейін QazaqGaz компаниялар тобының құрылымына кіретін QazaqGaz Qurylys ЖШС бас директоры болған.
Сонымен қатар, "QazaqGaz" ҰК" АҚ еншілес компаниясы "ҚазТрансГаз Өнімдері" ЖШС бас директоры (басқарма төрағасы) болып Ернар Құлқыбаев тағайындалған. Оның бизнес құрылымдар мен өндірістік кәсіпорындарды басқару бойынша 30 жылдық тәжірибесі бар. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген.
899 рет оқылды