Түркия Президенті Режеп Ердоған мен Ресей Президенті Владимир Путин Сочидегі кездесуінде «Анкара мен Мәскеу Евфрат өзенінен шығысқа қарай Сирия мен Түркия шекарасын бірге бақылайды» деген уағда жасасты.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров оқыған келісім мәтіні бойынша, осыдан екі апта бұрын Түркия әскери операция жүргізген 30 км шекара аймағын түрік әскері бақылайды. 30 км аймақтың қалған бөлігіне Ресейдің әскери полициясы кіргізіледі. Ал күрд қарулы жасақтары бұл аймақтан кетеді.
Ердоған 22 қазанда Сочиге барып, Путинмен келіссөз жүргізген. Алты сағатқа созылған келіссөздің негізгі тақырыбы - Түркияның Сирия солтүстігіндегі әскери операциясы болған.
Путиннің сөзінше, екі тарап Сирияның солтүстігіндегі жағдайды қалыпқа түсіруге арналған іс-қимылдарын келіскен. Бұл келісімді Ресей президенті «аса маңызды шешім» деп атады.
Ердоғанның айтуынша, Сирияның Түркиямен іргелес аумағындағы «қауіпсіз аймаққа» қазір Түркия аумағында жүрген Сирия босқындары орналастырылуы мүмкін.
Түркия екі апта бұрын Сирияның солтүстігіндегі қарулы күрд жасақтарына қарсы әскери операция бастаған. Ердоғанның АҚШ вице-президенті Майк Пенспен кездесуінен кейін жарияланған бес күндік бітім уақыты аяқталды. Сейсенбі күні күрд жасақтары Түркиямен іргелес аумақтан кеткенін мәлімдеді. Бұл - Түркияның әскери операцияны тоқтату үшін қойған шартының бірі болатын.
Түркияның әскери операциясы басталар қарсаңда Сирияның Түркиямен шекарасы маңын АҚШ әскері тастап шықты. Күрдтер бақылайтын аумақтың бір бөлігіне Ресей қолдайтын Сирия президенті Башар Асад әскері кірді.