16 мау, 2017 сағат 10:22

Путин: "Сталин - өз дәуірінің өнімі..."

Ресей басшысы Владимир Путин америкалық режиссер Оливер Стоунға берген сұхбатында кеңестің қандықол лидері Иосиф Сталиннің қызметіне біржақты қарай алмайтынын айтты, - деп хабарлайды РИА Новости

Путиннің айтуынша, ол Сталинді шектен тыс демонизациялауға қарсы екенін, бірақ сталинизм сұмдықтарын ұмытуды да қолдамайтынын айтты. "Бұл өте күрделі фигура", - деді Путин.

Стоун Путиннен Сталиннің "Ресейді фашизмнен құтқарғанына" қатысты қандай көзқараста екенін сұраған. "Меніңше, сіз өте қу адамсыз", - деп жауап берді Путин. 

"Сталин өз дәуірінің өнімі болды. Оны жамандай беруге де болады, нацизмді жеңді деп, мақтай беруге де болады. Оны демонизациялауға келсек, ағылшын тарихында Кромвель деген қайраткер болды. Ол қандықол адам еді. Революциялық қайта құрылу толқынында келіп, диктаторға, тиранға айналды. Ұлыбританияда оның ескерткіштері әлі де тұр. Наполеонды тіпті құдайдай көреді. Ол не істеп еді? Революция кезінде билікке келіп, монархияны қайта орнатты, өзін император деп жариялап, Францияны ұлттық катастрофаға, жеңіліске әкеп соқтырды", - деді ол. 

Айтуынша, Сталинді демозациялау - Кеңес Одағы мен Ресейге деген шабуылдардың бір жолы. "Бүгінгі Ресейде сталинизмнің сарқыншағы бар деп көрсету. Барлығымызда да сарқыншақ бар. Енді қайтеміз? Ресей түбегейлі өзгерді. Әрине, санада қалып қойғандары да бар шығар. Бірақ бұл сталинизмнің сұмдығын ұмыту дегенді білдірмейді. Сталинизм кезінде миллиондаған отандасымыз қырылды", - деп мәлімдеді Ресей президенті. 

Оның айтуынша, Ұлыбритания премьері Уинстон Черчилль секілді "кеңеске қарсы" адамның өзі Сталинге жылы қабақ танытқан. "Өткен заманның белгілі қайраткері Уинстон Черчилль кеңеске қарсы адам болған, бірақ Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда ол Кеңес Одағымен серіктестік орнатуды жақтап, Сталинді ұлы қолбасшы әрі революционер деп атаған. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін дәл осы Черчилль қырғи-қабақ соғысты бастаған. Кеңес Одағы алғашқы атом бомбасын сынақтан өткізгенде Уинстон Черчилль екі жүйенің болуын қолдады. Ол өте оралымды адам болған. Бірақ меніңше, оның Сталинге деген көзқарасы өзгерген емес", - деді Путин. 

Осыдан кейін Стоун Путинге былай деп сұрақ қойды: "Ата-анаңыз Сталинге тамсанды ма?".

"Әрине. Кеңес Одағының азаматтарының басым бөлігі Сталинге тамсанған деп ойлаймын", - деп жауап берді Путин.

kaz.tengrinews.kz