18 қаз, 2022 сағат 16:46

Путин қырғыз бен тәжіктің шекара дауын "шешетін" архив картасын беруге әзір

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей президенті Владимиром Путин. Астана, 13 қазан 2022 жыл

Ресей президенті Владимир Путин Бішкекке Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауын шешуге көмектесетін совет кезінен қалған архив карталарын беруге келіскен.

Азаттықтың хабарлауынша, 17 қазанда Қырғызстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының хатшысы Марат Иманқұлов таяуда Астанада өткен ТМД елдері саммитінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Путиннен қырғыз-тәжік шекарасын демаркациялау мен делимитациялау жөнінде көмек сұрағанын айтты.

"Менің ойымша, бұл мәселе шешіледі, Мәскеуден архив құжаттары мен карталарын табуға болады" деді Иманқұлов.

Бұған дейін Путин Ресей архивінде бұрынғы советтік республикалардың шекарасы туралы "сенімді" ақпараттар бар екенін, ондай ақпарат бұрынғы советтік республикалардың өздерінде де болмауы мүмкін екенін" айтқан.

13 қазанда Астанада Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей президенттері үшжақты кездесу өткізген. Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев келіссөз бұған дейін "Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауын шешуге дайын екенін" мәлімдеген Путиннің бастамасымен өткенін мәлімдеді.

Айта кетейік, өткен айда қырғыз-тәжік шекарасында тағы да ірі қақтығыс болып, екі жақ бірін-бірі айыптаған.