Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында РФ Президенті Владимир Путин туризм саласында ынтымақтастықты дамыту бағыттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Ресей экономикалық операторлары арасындағы барлық есеп айырысудың 63 пайызы ұлттық валютада іске асырылады. Жақын арада бұл көрсеткіш 75 пайызға жетеді деп үміттенеміз», - деді В. Путин.
Сонымен қатар ол мәдениет, білім беру салаларында байланыстар нығайып келе жатқанын атап өтті. Ресейдің 76 субъектісі Қазақстанның 14 облысымен қарым-қатынасты орнатты.
«Жыл сайын тікелей өңіраралық қатынастардың қарқыны артып келеді. Қаңтар-қазан аралығында Қазақстанға 50-ден астам ресейлік аймақтық делегациялар келді. Осы орайда ондаған бизнес-миссиялар, жастар бағдарламалары ұйымдастырылды, яғни ғылым, білім және мәдениет салаларына арналды», - деді РФ басшысы.
Оның пайымынша, екі ел арасында туризмді дамытуға ерекше екпін қою керек.
«Туристік индустрия елеулі экономикалық әлеуетке ие. Ресейде ішкі және сырттан келетін туризмге қатысты үлкен жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар екі ел арасында туристік алмасу деңгейі артып келеді. Ресейге жыл сайын 3,6 млн қазақстандық, Қазақстанға 3 млн ресейлік сапарлайды. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта арта түседі деп сенімдімін», - деді Владимир Путин.
РФ Президентінің пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасында тарихи-мәдени құндылықтарды туристерге таныстыратын бағыттарды жетілдіру керек.
«Екі елдің ұлттық, тарихи-мәдени құндылықтарымен, дәстүрмен туристерді таныстыратын тиісті бағдарларды құрған дұрыс болар еді. Сонымен қатар ескерткіштік, мемориалдық орындарға сапарлауға елдеріміз азаматтарының қызығушылығын ынталандырған абзал», - деді ол.
«Форумға қатысушылардың барлығына белсенді бірлескен жұмыс үшін алғысымды айтқым келеді. Келесі жылы Өңіраралық форумды өткізу кезегі Ресейге түсіп тұр. Осы орайда сіздерді Омбы қаласына жиналуға шақырамын», - деп түйді көрші мемлекет басшысы.