Фото: Александр Демьянчук/ТАСС
Ресей президенті Владимир Путин "Россия-1" телеарнасына берген сұхбатында "Батыс Ресейді бөлшектегісі келеді" деп мәлімдеді.
21 ақпандағы жолдауынан кейінгі сұхбатында "Батыстың мақсаты – бұрынғы Совет Одағы мен оның негізгі бөлігі Ресей Федерациясын бөлшектеу. Содан кейін ғана олар өздері жиі айтатын "өркениетті халықтар отбасына" қабылдайтын болар, бірақ әуелі бөлшектеп алмақшы" деді Путин.
Оның сөзінше, орыс халқы ешқашан қазіргідей бір бүтін өмір сүре алмайды, "Мәскеу орыстары", "Орал орыстары" болып ыдырап кетеді. "Мұның бәрі – қағазға жазылған анық жоспар" деді ол.
Сөз арасында Путин НАТО-ны да Украинаға қару беріп отыр деп айыптады.
РФ президенті осыған ұқсас болжамдарын бұған дейін де бірнеше рет айтқан. АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт айтты дейтін "Сібір байлығының бәрі бір елге тиесілі болғаны әділ емес" деген сөзді қайталаған. 2000-жылдардың басынан бері Рунетте жүрген мұндай сөзді АҚШ саясаткері айтқан емес.
Путин Ресей халқы "Мәскеу, Орал орыстары" болып бөлініп кетуі мүмкін екенін алғаш рет жария түрде айтты.
Оның "қағазға жазылған жоспар" дегенде нені меңзегені белгісіз. Мұндай конспирологиялық теориялардың ішіндегі ең белгілісі – Даллес жоспары. Бұл теорияға қарағанда, АҚШ-тың СССР-ге арналған жоспарында "ешкімге бағынбайтын халықты біртіндеп жойып жіберу көзделген". Мұндай жоспар бар екеніне ешбір дәлел жоқ.
Украинаға қолдау көрсеткен Батыс елдерінің жетекшілері Ресейді бөлшектеуге тырыспайтынын айтып келеді. Мұны таяуда Варшавада сөз сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден де ашық мәлімдеді.
"Украинамен соғыста жеңілсе, Ресей ыдырап кетуі мүмкін" деген болжам – баспасөзде, академиялық ортада сөз болып жүрген нұсқалардың бірі. Мұны Ресейдегі түрлі ұлттардың өз-өзін басқарғанын қалайтын эмиграциядағы қоғамдық ұйымдар да жиі айтады. Алайда Батыс елдері мұндай идеяны қолдаған емес.