13 қаз, 2022 сағат 14:16

Путин Ауғанстаннан қандай қауіп төніп тұрғанын айтты


Ресей президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммиті барысында Ауғанстанның Азия өңіріне төндіретін қауіп-қатері туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресей басшысы АҚШ әскері шыққаннан кейін Ауғанстанда терроризм проблемасы өршіп кеткенін, бүгінде ауған елі басты қауіп-қатердің бірі екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, Ауғанстан біздің өңір үшін қауіпсіздіктің өткір сын-қатерлерінің бірі болып отыр. Бүгін мұны әріптестерім де айтты. Жиырма жылдан астам уақыт болған НАТО мен АҚШ әскері шығып, олардың саясаты сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, бұл ел террористік қауіп-қатерлермен байланысты проблемаларын өздігінен шешуге қауқарсыз болып шықты", - деді Путин.

Ресей лидері Ауғанстанның заңсыз бұғатталған қаражатын қайтаруды және басқыншылық жылдары елге келтірілген шығынды өтеуге шақырды.

"Біз табанды түрде ауғандарға басқыншылық жылдары келтірілген шығынды өтеуге және заңсыз бұғатталған ауған қаржысын бұғаттан шығаруға шақырамыз", - деді ол.