19 қыр, 2016 сағат 15:33

«Пультпен» басқарылатын ауыл

Бұл ауылда бәрі де «пультпен» басқарғанды жақсы көреді. Әкімі де, қарапайым тұрғындары да. Әкімдері әзелден солай еді, уақытының көбін ауылда емес, қалада өткізетін. Сырттан келген жұрт әкімді іздеп сабылып жүретін. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, бұл әдет енді ауыл тұрғындарына дарыған секілді ме, қалай? 

Жақында өзім туып-өскен осы ауылға жол түсті. Жыл сайын келетін әдетіміз. Туған-туыс, ата-ана, жолдас-жора бар дегендей. Бір жағы демалыс. Алайда туған жердің тұнық ауасын сіміріп, сергуге, тынығуға келсем де, көңілімді мұң торлап, жыл сайын бір дүниені жоғалтып, біртүрлі құлазып қайтамын. Бұдан бірнеше жыл бұрын ел жаққа барғанда ауылдағы орта мектептің 9 жылдық болғанын естіп едім. Осыдан бір-екі жыл бұрын әлгі 9 жылдық 4 жылдыққа айналды. Биыл сол 4 жылдық мектеп те жабылды. 

Бір байқағаным, селдіреп қалған ауыл тұрғындары қазір қолдағы малын да жөнді бақпайтын болыпты. Еркімен қоя беріп, алыстан көз салып отыратын көрінеді.

-Қойды пультпен бағамыз, - деп жымияды ауылдағы жездем.
«Пульті несі?» деймін мен таңғалып. Сөйтсем, «пульті» – өзінің немерелері мен ауылдағы қара сирақ балалар екен. Соларды жұмсап, малды соларға қайыртады екен.

Пульт демекші, іргедегі тағы бір көрші ауыл да осы «жүйеге» көшкен секілді. «Ол ауылдың мектеп директоры да «пультпен» басқарады. Көбіне қалада жүреді», - дейді біздің ауыл тұрғындары. 

Пультпен басқарады деп отырған ауылдардың барлығы да - 40 жыл қырғын көрген бұрынғы Абыралы ауданына қарасты елді мекендер. Өкініштісі сол, Семей ядролық сынақ полигонының зардабын тартқан бұл ауылдар жылдан-жылға көркейіп емес, құрып, құлдырап, кері кетіп барады. Ауылдың негізгі діңгегі – мектептер де жыл сайын жарысқандай бірінен соң бірі жабылып жатыр. Тұрғындары қалаға немесе қаланың маңына қоныс аударуда. Ауылда шағын дәрігерлік пункт бар еді. Қазір ол да жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын ауылдың бір тұрғынының аяқастынан қан қысымы көтеріліп, қырық жамау жолмен қалаға жеткенше миына қан құйылып, көз жұмғаны есімізде. 

Бәрінің де туып-өскен мекені ауылда қалғысы-ақ, барғысы-ақ келеді. Қалайын десе, жұмыс жоқ. Барайын десе, жол нашар. Семей мен Қайнар арасындағы жолдың жөндеу көрмегеніне қанша жыл болғанын бір Құдай біледі. Бұл өңірдің тұрғындары 300 шақырымға (Семейден Қайнар ауылына дейінгі аралық) жуық жолды 7-8 сағат жүреді. Елдің тұрақтамауына, халық санының азаюына осы шұрқ тесік жолдың да әсер еткені анық. Әлі де әсер етіп жатыр. Ойдым-ойдым жол үлкендер түгілі, жастардың өзін шаршатып жібереді. Содан да болар, қазір біздің жақтың таксистері қалаға Абай ауданының жолы арқылы баратын болыпты. Өйткені, іргедегі ауданның жолы тақтайдай тегіс болмаса да, әлдеқайда тәуір. «Екі шалдың» арқасы ғой. «Екі шал» аман болсын" деп марқаяды бұл жақтың тұрғындары. Абыралы тұрғындары не десін?! «Полигонның арқасы» деп кіжінетін шығар бәлкім іштерінен. 

Тағы бір аңғарғаным, жер жетпегендей қыстақтағы малдар да ауылға әкеліне бастапты. Әкем айтады: «Қазір жұрт жайлауға да бармайтын болды. Барса да, жаз ортасы ауғанда барады. Өйтіп барғаннан не пайда? Көп өтпей күн суытып, қайта қайтады» деп. 

PS: «Пультпен» басқарылатын, бірақ мектебі жоқ, байланысы жоқ, интернеті жоқ, емханасы жоқ ауылдан шығып, бомба түскен жолдармен (бұл жолды басқаша сипаттау мүмкін емес) қалаға тартып барамын. 

Азамат Қасым

Суретті салған - Мерей Қайнаров

"Дидар" газеті