28 там, 2019 сағат 15:07

Пуэрто-Рикоға дауыл төніп тұр: Трамп төтенше жағдай жариялады

АҚШ Президенті Дональд Трамп «Дориан» тропикалық дауылының жақындап қалуына байланысты Пуэрто-Рикода төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде The Weather Channer тілшісі Райан Слоан Twitter-де жариялаған Ақ үйдің баспасөз баянында атап өтілген. 

«Президент Дональд Трамп Пуэрто-Рикода төтенше жағдай орнағанын мәлім етіп, федералдық және жергілікті ведомстволарға «Дориан» тропикалық дауылының салдарын жоюға көмектесуге тапсырма берді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Трамп АҚШ Төтенше жағдайлар басқармасы жөніндегі федералдық агенттікті табиғи апатқа байланысты жергілікті халыққа көмектесуге бағытталған барлық күштердің үйлестірушісі етіп тағайындады.

Дауыл аралға жақындаған сәтте күш жинап алапат құйынға айналады деп күтілуде. Жергілікті тұрғындар 2017 жылы болған «Мария» дауылының әкелген ауыр зардаптарын әлі де ұмытқан жоқ. Ол кезде 300 адам көз жұмған еді, деп хабарлайды euronews.com

Пуэрто-Рикода және көршілес Доминакана Республикасында төтенше жағдай жарияланды.

Адамдар көліктеріне жанармай құйып, барлық қажетті заттарды, соның ішінде генераторларды сатып алып жатыр. 

Синоптиктердің мәліметінше, аптаның аяғына қарай сұрапыл дауыл Багам аралдары мен Флоридаға жетіп қалуы мүмкін.