Коронавирусқа қарсы ПТР тест қорытындысын қолдан жасап сатпақ болған 34 жастағы өскемендік тұрғын интернетке таратқан хабарландырудың ізімен қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиғаның мән-жайын Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің ведомствоның ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде айтып берді.
«Өскеменде полицейлер коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР тест анықтамасын ешқандай зертханалық талдаусыз-ақ рәсімдеп беретінін жарнамалап, хабарлама таратқан 34 жастағы жігітті ұстады. Бұл қызметі үшін ол 15 мың теңге сұраған. Қазір алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - дейді министрліктің баспасөз өкілі.
Шұғыла Тұрлыбек келтірген деректерге сүйенсек, бұл – Шығыс Қазақстанда тіркеліп отырған алғашқы жайт емес.