Қазақстанның туроператорлар қауымдастығы әуекомпаниялардан туристерден коронавирусқа жасалған ПТР анықтамасын талап етуді сұрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елдегі туроператорлар қауымдастығы осындай шешім шығарды. Қазір жаңа қаулыны күтіп отыр. Қатаң тәртіп шетел азаматтармен қатар өзге мемлекетке сапарлап кеткен отандастарымызға да ортақ. Яғни, елге оралу үшін міндетті түрде коронавирусқа тексерілу керек. Қазір авиакомпаниялар жаңа ережеден хабардар етіліп жатыр.
«Біріншіден, елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны өсті. Індет күрт өршіді. Екі қалада локдаун жарияланды. Екіншіден, мемлекет шетелден ұшып келген азаматтарға ПТР тест жасау үшін көп қаражат жұмсап жатыр. Сонымен қатар, жолаушылар тест нәтижиесі шыққанша қонақ үйге орналастырылады. Бұл қосымша қауіп тудырады. Олардың біреуі инфекция таратушы болуы мүмкін», - дейді Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей.
Оның айтуынша, көптеген туристер демалыстан ПТР тест тапсырмай келеді. Тіпті, кейбіреуінен оң нәтиже шығып жатыр.
«Бұл үлкен мәселе. Туристер ПТР тесті неге шетелде өткізгісі келмейді? Себебі оң нәтижие көрсетсе, шет елде қалып қоямыз деп қорқады. Бұл көптеген жаңа мәселелер туғызады. Сондықтан біз туристерді індет жұқтырудан барынша қорғалған курорттарға жіберуге тырысамыз. Сондай-ақ, сақтандыру бар. Сақтандыру міндетті түрде тур пакетіне кіреді», - деп қосты спикер.
Сонымен қатар, ол ҚР Үкіметі туркомпаниялардан адамдар елге оралмас бұрын ПТР тестілеуден өтуін қамтамасыз етуді сұрағанын баса айтты.
«Бірақ, біз барлық жолаушыларды қамтамасыз ете алмайтынымыз анық. Қазір жаңа қаулыны күтіп отырмыз. Онда туристер ұшаққа отырар алдында ПТР анықтамасын міндетті түрде көрсетуі керектігі айтылады. Егер жолаушыларға Қазақстанға келгеннен кейін тест тапсыруға рұқсат берілсе, онда ол ақылы болады», - деп қосты Инна Рей.