Фото: театр баспасөз қызметі
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақпанның 21-22 күндері «Раечка» қойылымының премьерасы өтті. Қойылым Ғ.Мүсіреповтің Раяға жазған хаттары негізінде сахналанған, деп хабарлайды Ult.kz.
Шығарманың авторы – драматург Ольга Малышева, ал қойылымды сахналаған режиссер – Карина Бесолти. Басты кейіпкерлерді талантты әртістер Жомарт Зейнәбіл, Анар Әділова, Аида Жантілеуова және Шұғыла Ешенова сомдады.
Режиссер Карина Бесолти қойылымды синтетикалық театрға жатқызатынын айтады, себебі онда деректі театрдың элементтері (хаттар), драма, пластикалық театр және постдрамалық театр элементтері үйлесім тапқан.
"Әртүрлі медиумдардың синтезі әсерлі әрі көпқырлы көркем туындыны қалыптастырады", - дейді Карина Бесолти.
Фото: театр баспасөз қызметі
Басты кейіпкер басынан өткен оқиғалар туралы көп ой толғайды. Ол өмір жолында келе жатып, қадам сайын өз психикалық "жарақаттарын" зерттейді. Оның алған бағыттары кездейсоқ емес, бәрі нақты: өміріндегі оқиғаларға негізделіп, картаның белгілі бір нүктесіне апарады.
"Бұл маршруттар деректі және драматург жасаған екі әлемді байланыстырады. Дегенмен, бұл – менің жеке көзқарасым, ал көрермен міндетті түрде өзіне бір ерекше мән табады. Әрине, «бұл нені білдіреді?» деген сұраққа ешбір қате жауап жоқ", - дейді спектакль режиссері.
Фото: театр баспасөз қызметі
Қойылым Ғабит пен Раяның нәзік сезімдерін, шынайы махаббатын сипаттайтын хаттарға негізделгенімен, режиссер қыз бен бойжеткен өміріндегі қалтарыс-бұлтарыстар оның кейінгі шешімдеріне қалай әсер ететінін, психологиялық тұрғыда оны қалай өзгертетінін бейнелеуге тырысқан. Дегенмен, спектакльден не ой түю керегін көрермен өзі шешуі керек дейді.
"Көрермен спектакльден не ой түю керегін өзі шешуі керек. Бұл – оның жауапкершілік аймағы. Бізде дайын жауаптар, мораль немесе басқа түйін жоқ. Біз тек өзіміз қалай сезінсек, солай оқиғаны баяндаймыз, сұрақтар қоямыз және әрбір көрерменге ойлануға мүмкіндік қалдырамыз", - деп түсіндірді Карина Бесолти.
Премьерамен қатар театр мен Ғ.Мүсірепов атындағы мұражай-үйі жазушының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырды.
Анара Бауыржанқызы