07 мау, 2023 сағат 12:18

Прокурорлар мемлекетке 8 млрд теңгенің салығын қайтарды

Фото: kazminerals.com

Прокурорлар мемлекетке 8 млрд теңгенің салығын қайтарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматы қаласының прокуратурасы талдау барысында «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС-да салықты төмендету фактісін анықтады. Аталған салық төлеуші жыл сайын KAZ Minerals Aktogay Finance Limited холдингтік компаниясына дивидендтер төлегені белгілі болды.

Салық заңнамасының талаптарына сәйкес құн өсімінен түскен табыстар, дивидендтер, сыйақылар, роялти төлем көзінен 15% мөлшерлемесі бойынша салық салуға жатады. Алайда, салық есептілігін зерттеу ЖШС-ның 2018-2022 жылдар аралығында жыл сайын талап етілетін 15%-дың орнына 10% мөлшерлемесі бойынша салық ұстап, резидент емес мекемеге қатысты сыйақы төлегенін көрсетті.

Прокуратураның талабы бойынша салық органы ЖШС қызметінде корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеудің дұрыстығына тексеру жүргізді. Аталған фактілер расталды, сондықтан 8,2 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелді" - делінген ведомство хабарламасында.

Салық төлеуші көрсетілген соманы мемлекет кірісіне толық көлемде төлеп, мемлекет мүддесі қорғалған.