Фотоколлаж: Azattyq Rýhy
Прокурор бизнесмен, экс-президенттің бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін елорданың Сарыарқа аудандық №2 сотында Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасты.
«Қайрат Боранбаевты Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігіне (қылмыс жасауға жәрдемдесу), аталған баптың 2-тармағының 189-бөлігінің 4-бөлігіне (жымқыру немесе бөгденің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау), сонымен қатар 218-баптың 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жолмен ірі көлемде ақша және мүлік иеленгені үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы, 5-бабы және 4-баптың 189-бөлігі бойынша жаза тағайындалсын. Яғни өмір бойы мемлекеттік қызмет, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру және 218-бабы 3-бөлігі бойынша мүліктерін тәркілеу сұралады», - деді мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сотта.
Сондай-ақ, ол Қайрат Боранбаевқа жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу режимін тағайындауды сұрады.
«Қ. Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы бұрынғыдай қалдырылсын. Боранбаевты қамауда ұстау уақыты 15 наурыздан бастап үкім заңды күшіне енген күнге дейін 1,5 күн бас бостандығынан айыру үшін 1 күн есебінен жаза мерзіміне есептеуді сұраймын. Оған тиесілі жылжымайтын мүлікке және ақшалай қаражатқа салынған тыйым мүлікті тәркілеуге және оған қатысты басқа қылмыстық істі тергеуге байланысты сол күйінде қалдырылсын», - деді прокурор.
Одан бөлек, сотта Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес Қ. Боранбаевқа (арнаулы, әскери атақ-дәрежелері, шені мен дипломатиялық дәрежесінен, біліктілігі және мемлекеттік атақтарынан айыру) берілген мемлекеттік наградаларды кері қайтаруда сұралды. Олардың қатарында «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және үшінші дәрежелі Барыс ордені бар.
Айта кетейік, Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр желтоқсанда басталған еді.
Қайрат Боранбаев пен оның бизнес-серіктесі Роман Наханов, сондай-ақ Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге жымқырды және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінді.
Айыптаушылардың 38 миллиард теңге ақшасы, 15 жылжымайтын мүлкі, үш автокөлігі бұғатталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі де газ экспорты кезіндегі жымқыру және қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру істері аясында Боранбаев пен басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатқанын хабарлаған болатын.
Еске салсақ, Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Оның қызы Әлима Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан болатын. Айсұлтан 2020 жылы тамыз айында қайтыс болды.