27 қыр, 2023 сағат 19:12

Прокуратура «Қазақстан темір жолы» компаниясын тексеруі керек – депутат

Фото: РИА Новости

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова тұрғындарға көмірдің уақытылы жеткізілмеуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Біз халыққа көмір жеткізу мәселесін көтермекпіз. Қарағанды облысының жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың деректері бойынша «Разрез Кузнецкий» ЖШС және SAT Komir ЖШС көмір тасымалдауға вагондардың 22%-ын ғана бөлген. Бұл қазақстандықтарды көмірмен толық қамтуға кедергі келтіреді. Біздің мәліметтеріміз бойынша, Қазақстанда жылжымалы парктің тек екі ірі операторы бар: «Қазтеміртранс» АҚ және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС. Олар «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның еншілес компаниялары. Ал «Қазтемиртранс» АҚ балансында 40 мыңға жуық жүк вагоны бар», - деді Ажар Сағандықова Премьер-Министрдің атына сауал жолдай отырып.

Халық қалаулысының айтуынша, көмір жеткізу жыл сайын проблема болып отыр. Өңірлердің әкімдіктері көмірді жеткізуді қолмен реттеуге мәжбүр.

«Көмірді жеткізудегі іркілістің себептері вагондарды уақытылы жеткізбеу және халыққа көмір жөнелту кестесінінің артта қалуымен байланысты. Бірнеше жылдан бері біз барлық аймақта көмір кезегінің өсіп келе жатқанын байқаймыз. Кейде оның арты қақтығыстарға ұласып жатады. Алыпсатарлар бұны сәтті пайдаланады. Салдарынан қарапайым халық көмірсіз қалады, әсіресе мұқтаж жандар», - деді ол.

Сөз соңында депутат Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа екі ұсыныс жасады:

1. Көмірді тасымалдау бойынша барлық кәсіпорын үшін тең жағдайды қамтамасыз ету;

2. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қызметіне прокурорлық тексеру жүргізу.