2017 жылғы Азия вице-чемпионы, 2017 және 2019 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Токио Олимпиадасына қатысуға үміткер қарағандылық боксшы Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой рингтегі дебюттік жекпе-жекте жеңіске жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
SULEIMEN Promotions компаниясы ұйымдастырған Атыраудағы бокс кеші аясында 2017 жылғы Азия вице-чемпионы Танзаниядан келген, 30-дан астам жекпе-жек өткізген тәжірибелі Мешак Мванкемваға қарсы шықты. Бірінші орта салмақтағы жекпе-жек жоспарланған барлық алты раунд бойы өтті. Қазақстандық былғары қолғап шебері судьялардың шешімі бойынша жеңіске жетті.
Абылайхан Жүсіпов – ұлттық құрама көшбасшыларының бірі. Ол 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Токиода өтетін 2020 жылғы Олимпиадаға лицензия жеңіп алды.
Коронавирус пандемиясына байланысты әуесқой бокстағы жарыстарда бос тұрып қалуының салдарынан боксшы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінен кәсіпқой рингте жекпе-жек өткізуге рұқсат алды.
Olympic.kz-ке берген сұхбатта Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Абылайхан Жүсіповтің өнерін жоғары бағалады.
«Біздің боксшыларымыз эпидемиялық жағдайға байланысты Иорданияда өткен Токио ойындарына азиялық біліктіліктен кейін ешқандай жарыстарға қатысқан жоқ. Бірақ боксшыларға бәсекелестік тәжірибе қажет. Олимпиада ойындарына бір жылдан аз уақыт қалды. Біз әуесқойлардың кәсіпқой рингте өнер көрсету мүмкіндігінен шешім таптық. Бекзат Нұрдәулетов пен Абылайхан Жүсіпов африкалық боксшылармен кездесті. Олар физикалық жағынан мықты. Сонымен қатар, олардың есебінде кәсіби рингте өнер көрсету бар. Жүсіпов алты раунд өткізіп, техникалық және тактикалық жағынан жеңіске жетті. Мұндай кездесулер ол үшін өте маңызды. Ол алты раундқа шыдайтынын көрсетті», - деп атап өтті бас бапкер.
Бүгін, 4 қараша күні Н.Әбдіров аындағы спорт сарайында журналистер үшін Абылайхан Жүсіповтің ашық жаттығуы ұйымдастырылды.
«Мен Қазақстанда кәсіби дебют өткізгеніме қуаныштымын. Біз үшін бұл жаңа тәжірибе болды, мен жаттықтырушылардың үмітін ақтап, олардың маған берген барлық кеңестерін орындадым. Алдымен біз Қарағандыда дайындалдық, содан кейін Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік және сол жерден Атырауға ұшып кеттік. Қарсыласты зерттеп, қарап, оның төбелестерін бақыладық. Өте жақсы боксшы, топ-200 құрамына кіреді. Егер мүмкіндік болса, онда әрі қарай да кәсіпқой рингте өнер көрсететін боламыз. Бірақ қазір басты мақсат - Олимпиада ойындары. Сондай-ақ, 22-29 қараша аралығында Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз», - дейді спортшы.
Абылайхан Жүсіповтің жеке бапкері Бауыржан Аманбаев оны 8 жасынан бастап жаттықтырады. Тәлімгер атап өткендей, боксшы ерте жастан бастап алғыр және тәртіпті болды. Жаттықтырушысы жекпе-жекті теледидардан көрген.
«Әуесқой бокс үш раундқа, ал кәсіби алты раундқа созылады. Сондықтан боксшыға асықпай, мұқият қарап, содан кейін ғана әрекет етуге кеңес бердім, - дейді Бауыржан Аманбаев. - Абылайхан жақсы өнер көрсетті. Ол жарады! Ерте жастан бастап өте алғыр. Әрқашан менің айтқан барлық талапты орындайды. Бәрі бірден нәтиже бермеді, бірақ ол алмай еңбек етті. Күн сайын біз 2-2,5 сағаттан екі рет айналысамыз. Қазір біз Олимпиада ойындары мен Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Қазақстанда 69 кг салмақта бәсекелестік өте жоғары, және әрқашан солай болған, қарсыластар жеткілікті, сондықтан техникамен көбірек жұмыс істейтін боламыз». - дейді Бауыржан Аманбаев.
Абылайхан Жүсіпов 17 жасынан бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына кіреді. 19-да ол осы спорт түріндегі ең жас олимпиадашы болды. Қазір ол 23 жаста.