2021 жылдың 6 айында 35 мың отбасыға жәрдемақы проактивті форматта тағайындалды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отбасыларға жәрдемақы төлеуге проактивті формат енгізіп отырмыз. Проактивті форматта қызмет алушыдан өтініш талап етілмейді. Яғни, қызмет алушы бала туған кезде немесе көп балалы отбасы болғанда СМС хабарламаны құттықтау мәтінде жібере отырып, қосымша қолдау іс-шараларын алуға мүмкіндігі бар екендігін айтамыз. Азаматтардан талап етілетіндігі жіберілген СМС хабарламамызға дереу жауап берсе болғаны. Хабарлама жіберудегі мақсатымыз - отбасыға әлеуметтік көмек алуға рұқсатын алу. Яғни, заңнамаға сәйкес біз азаматтардың рұқсатынсыз қосымша көмек тағайындауға құқылы емеспіз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның дерегінше, осы жылдың 6 айында 35 мың отбасыға жәрдемақы проактивті форматта тағайындалды.
«Жалпы, осы 6 айдың ішінде проактивті форматта жәрдемақы тағайындау үшін жіберілген СМС хабарламалардың саны 180 мыңнан асады. Өкінішке орай 145 мыңға жуық хабарламамыз азаматтар тарапынан жауапсыз қалды», - деді Асқар Ниязов.
