22 нау, 2021 сағат 10:37

Президенттің жеке дәрігері ұшақта қазақстандық нәрестені аман алып қалды

Түрік депутаты әрі дәрігер Режеп Шекер өзімен бірге Бішкектен Ыстамбұлға ұшып келе жатқан нәрестеге шұғыл көмек көрсетті, деп жазды Sputnik агенттігі Anadolu басылымына сілтеме жасап.

Оқиға Turkish Airlines авиакомпаниясының бортында болған.

Нәрестенің жүрек талмасы ұстап қалған, стюардессалар медициналық көмек көрсету үшін баланы Шекерге алып келеді.

"Баланы қарадым. Бозарып, тыныс алмай, жүрегі тоқтап қалған екен. Жасанды тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасадым. Содан кейін нәресте тыныс алды", - деді Шекер.

Ұшақ шұғыл түрде Анкараға қонды, бала бірден ауруханаға жеткізілді. Нәрестенің жағдайы жақсарды. Лайнер Ыстамбұлға ұшып кетті.

Шекердің сөзінше, құтқарылған бала егіздің сыңары. Балалардың анасы –  Қазақстан азаматы.

БАҚ ақпаратына сәйкес, Режеп Шекер – Қараман қаласынан Түркия Ұлттық жиналысының депутаты, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның жеке дәрігері.