Мемлекет басшысының Абай туралы мақаласы бүгінгі қазақ елінің дамуына қан жүгіртер ой иірімдерімен өзекті, Абай сөзінің өміршеңдігімен құдыретті. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласына орай өз ой-пікірін білдірді.
«Мемлекет басшысының Абай туралы мақаласы бүгінгі қазақ елінің дамуына қан жүгіртер ой иірімдерімен өзекті, Абай сөзінің өміршеңдігімен құдыретті. Абай өз заманында қазақты ел қылудың қармана қамын жасаса, оның әрбір сөзі тасқа қашалғандай болашақтың алдынан күн өткен сайын әрленіп шыға беретініне кәрі уақыт куә. Мақаладағы тақырыпшылар: «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы». Бұл тақырыпшалардағы өрілген ойлар алмағайып заманда рухани жаңғырулар мен ұлттық сананың соны бір серпілісін қажетсінген осынау бір қазақ қоғамына ақын сөзін жеткізуді мақсат еткен деп ойлаймыз. Абай заманының қазағы бүгін қандай? Өзгерді ме? Абай сынаған қазақ өзгерді ме? Сол қара сөздің пайғамбары айтқан сыннан нәтиже шығара алды ма әлде қалың елі қазағы қайран жұртының болашағы бұлдыр тартып бара ма? Міне, осы мәселелер мақалада қылаң береді. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек немесе әлеуметтік жауапкершілікті Абайдың «толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз? Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек», дейді мақаладағы соқталы ойлар. Міне, соқталы ойларға аса мән беріп, әр қазақтың бойына Абайдың сөзін ұялата алсақ, қазақтың ұшпаққа шығару хақ», - деді Бауыржан Ердембеков.