21 нау, 2019 сағат 14:51

Президенттің ауысуы, Астана атауының өзгеруі - Сапарбаев пікірі

ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Астана атауының Нұрсұлтан деп өзгеруіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

"Шешім қабылданды. Мен дұрыс деп ойлаймын. Еңбегі бар. Астананы астана жасаған, дүниежүзіне танытқан - Нұрсұлтан Назарбаев. Сіздер білесіздер, Астанада өмірі болмаған саммиттер өтіп, өмірі кездеспейтін мемлекеттің басшылары кездеседі, бір-бірімен татуласады. Ең негізгісі, осы Астана арқылы Қазақстан, оның ішінде қазақ халқы бүкіл дүниежүзіне мәлім болды. Қазір Астана - əлемдегі əдемі, сұлу қалалардың бірі. Қиын кезде, 90-шы жылдардың басында осындай шешім қабылдап, өзіне жауапкершілік алу əркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен жүрек, табандылық əрі "ертең орындалады" деген сенімділік керек. Міне - соның дәлелі, қазір 20 жылдан асты, Астанамыздың қалай болғанын көріп отырмыз. Бұл дұрыс шешім, өйткені ол тарих, болашақ үшін керек", - деп жауап берді Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, жастарды солай тəрбиелеу қажет. Əрбір жас өз Отанын, ұлтын, мемлекетін сүйіп өсу керек жəне сол елге еңбек еткен адамдарды да еш уақытта ұмытпау керек. 

"Біз "тарихсыз болашақ болмайды" деп айтамыз ғой. Сондықтан менің ойымша, бұл - дұрыс шешім", - деді ол.

Еңбек министрі ел басшылығының ауысуына қатысты да ойын айтты.

"Біздің Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдады. Билік Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлын барлық қазақстандықтар жақсы біледі. Ол Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да танымал. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында басталған жəне жүзеге асқан стратегия, бағдарлама одан əрі жалғасады деп үміттенеміз. Кеше Тоқаевтың өзі де солай айтты. Бастысы, бізде бейбітшілік пен тыныштық болсын. Еліміздің басты бағыты белгілі. Тек қана барлығымызға жұмылып, жұмыс істеу керек", - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ Министр қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен де құттықтады.

"Барлығына денсаулық, аманшылық, үйлеріне құт-береке, елімізге тыныштық тілеймін. Наурыз құтты болсын", - деді Сапарбаев ЭКСПО алаңындағы Наурыз мерекесіне арналған іс-шарада.

Атап өтсек, кеше Мемлекеттің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды. Парламент бұл шешімді мақұлдады. Нақты ресми шешім жақын арада шығып, жария етіледі.