26 сәу, 2019 сағат 11:41

Президенттікке үміткер Рахымбеков ОСК-ға құжаттарын тапсырды

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рахымбеков Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес ОСК-ға құжаттарын бүгін, 26 сәуір күні ұсынған.

Құжат тапсыруға қатысқан «Ауыл» партиясының төрағасы, партияның сайлауалды штабының басшысы Әли Бектаев партияның кезектен тыс XV съезінде Т. Рахымбековтің кандидатурасы бірауыздан қабылданғанын атап өтті.

Айта кетейік, ҚР Президенттігіне кандидаттар Орталық сайлау комиссиясына 7 құжаттан тұратын пакет тапсырады.  

Үміткерлерді ұсыну - 28 сәуір күні, ҚР Орталық сайлау комиссиясына тіркеу процедуралары 11 мамырда аяқталады.