29 там, 2019 сағат 18:44

«Президенттік Жастар кадрлық резервіне» енудің шарттары қандай?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтардан «Президенттік Жастар кадрлық резервіне» іріктеуге қатысуға өтінімдер қабылдау үшін онлайн-платформаны іске қосады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында агенттік төрайымы Анар Жайылғанова мәлім етті.

Анар Жайылғанова «Президенттік Жастар кадрлық резервіне» үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар туралы айтып берді.

«Қатысушылар Қазақстан Республикасының жасы 35-тен аспаған азаматы болуы керек. Білімі мен жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Креативті, талантты жастарымыздың көбі шетелде тұратынын жақсы білеміз. Сондықтан, байқауға шетелдегі Қазақстан Республикасының азаматтары да қатыса алады», - деді агенттік басшысы.

Оның айтуына қарағанда, резервке өткен кандидаттар ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларда саяси және жоғары басқару әкімшілік лауазымдарға, жоғары басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие боламақ.

«Бірінші кезеңде автоматтандырылған жүйе арқылы құжат қабылданады. Екінші кезеңде үміткерлер тесттен өтеді. Онда күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған сұрақтар ұсынылады. Үшінші кезеңде кандидаттар берілген тақырыпта эссе жазып, әлеуметтік маңызды жобаларын таныстыру қажет. Ол жұмыстар онлайн негізде тексеріледі. Яғни, эссе жазу процесінен тікелей көрсетілім ұсынылады. Төртінші кезеңде сарапшылармен сұхбат өтеді. Оған алдыңғы кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жіберіледі», - дейді Анар Жайылғанова.

Агенттік басшысы атап өткендей, бұдан кейін Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен табысты өткен әрбір үміткермен жеке әңгімелеседі. Соның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған кандидаттарды Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылдайды.

«Резервке алынған мамандар нақты лауазымға тағайындалғанға дейін арнайы бағдарлама бойынша оқудан өтеді. Бүгінгі таңда Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің ережелері мен тәртібі Президент Жарлығымен реттелген», - деді агенттік басшысы.