25 жел, 2019 сағат 10:00

Президенттік жастар кадр резерві: жеңімпаздар жұмысқа қалай орналасады?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадр резерві жеңімпаздарының мансаптық дамуын қолға алады.

Бұл туралы агенттік төрағасы Анар Жайылғанова айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Резервке енген жастардың қалай, қашан жұмысқа орналасатыны қоғамды қызықтырып отыр. Қазіргі уақытта 300 жастың 221-і (74%) салалық топқа, 42 адам (14%) - басқару тобына және 37 адам (12%) - өңірлік топқа бөлінді. Кей жеңімпаздар жақын арада мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін. 2020 жылдың алғашқы тоқсанында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әрбір қатысушыны дамыту бойынша жеке жоспарын құрады», - деді Анар Жайылғанова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Резервшілердің жоғары лауазымды мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметтеріне тағайындалуы жүйелі мансаптық өсу жолымен жүргізіледі. Агенттік қатысушылардың мақсаптық дамуына бақылау жүргізеді.

«Жеңімпаздардың бір бөлігі қажетті құзыреттіліктер мен дағдыларды қалыптастыру үшін Мемлекеттік басқару академиясының базасында қысқа курстардан немесе үздіксіз оқудан өтеді», - деді А. Жайылғанова.

Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 үздік қазақстандықтың тізімі жарияланды. Толық тізімді ресми сайттан көруге болады.