ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов аталмыш лауазымға үміткер Амангелді Таспиховтың емтихан нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
25 сәуірде Амангелді Таспихов «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан президент сайлауына кандидат ретінде құжат тапсырған болатын.
«Сынақ әдеттегідей үш кезеңнен өтті. Жазбаша жұмысқа Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов «Менің елім» тақырыбын таңдады. Бұл тақырыптардың барлығы конвертке салынған, алдын ала бекітілген. Үміткердің жазбаша жұмысы өте сауатты жазылған. Әрине, аздаған пунктуациялық қателер кетті. Бірақ, шығарма мазмұны терең, тақырып жақсы ашылған», - деді Әділ Ахметов ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Екінші тапсырма бойынша кандидат белгілі ақын Қадыр Мырза Әлидің таңдамалы шығармалар жинағынан өлең оқыды.
«Үшінші тапсырмада сөз сөйлеу үшін үміткерге «Тіл тағдыры - ел тағдыры» тақырыбы түсті. Ол өз уақытын толыққанды пайдаланды. Комиссия оның жұмыстарына жан-жақты талдау жүргізіп, қорытындылады. Комиссия бірауыздан Амангелді Таспиховты техникалық институт бітірген инженер болса да, тілі өте жатық, барлық тапсырмалар бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешім шығарды», - деді комиссия мүшесі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді.
Осы уақытқа дейін ұсынылған кандидатуралар: «Nur Otan» партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан - Дәния Еспаева, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан - Сәдібек Түгел, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен - Амангелді Таспихов, Қазақстанның Коммунистік Халық партиясынан - Жамбыл Ахметбеков және «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы атынан - Төлеутай Рахымбеков.