Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға арналған әлеуметтік 42500 теңге төлемді Түркістан облысында 386 239 азамат алып үлгерді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы Дәурен Байырбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірде бүгінгі таңда 522 096 тұрғынның өтініші тіркеліп, 434 598 азаматқа төлем тағайындалған. Сондай-ақ, 42500 теңге төлемді студенттер де алған.
«Егер студент бос уақытында жұмыс істеп, ресми түрде зейнетақы жүргізген болса, жәрдемақы алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, студент азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істеген болса және студентке жұмыс беруші тарапынан әлеуметтік жарналар төленген болса, сондай-ақ бейресми өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретіне бірыңғай жиынтық төлем жасаса, жәрдемақыға үміткер бола алады. Ал бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы әйелдерге баласы 1 жастан асқаннан кейін ғана 42500 теңге тағайындалады. Бұл азаматшалар өтініш беру алдында бірыңғай жиынтық төлем жасауы тиіс», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.
Басқарма басшысының айтуынша, төтенше жағдай созылған ай сайын төлем жүретін болады. Сондай-ақ, жәрдемақыны алу үшін ай сайын бірыңғай жиынтық төлем жасаудың қажеті жоқ.