28 сәу, 2020 сағат 13:52

Президенттік қолдау: Атырауда дәрігерлер үстемеақысы үшін 288,7 млн теңге бөлінген

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясына қарсы күресте алдыңғы сапта жүрген медицина қызметкерлерімен онлайн сұхбат өткізіп, оларға алғыс білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Онлайн байланысқа коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен тікелей жұмыс жасап жатқан облыстық жедел жәрдем станциясы мен инфекциялық бөлімше орналасқан №2 облыстық аурухананың дәрігерлері қосылды. 

«Қазір сіздер шын мәнінде мылтықсыз майдандасыздар. Өйткені, күнделікті қауіп-қатерге қарамастан қажырлы жұмыс істеп, бүгінгі күннің қаһармандарына айналдыңыздар. Қазақстан медицинасының ерлікке толы жаңа тарихын жазып жатырсыздар. Халқымыз өздеріңізге үміт артып, амандықтарыңызды тілеп отыр. Біздің де басты міндетіміз – ең алдымен, сіздерді қолдау», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Облыста медицина саласы мамандарына үстемеақы төлеу үшін 288,7 миллион теңге бөлінген. Наурыз айында оның 44,5 миллион теңгесі 373 қызметкердің қолына тиді. Бұдан тыс, коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді ынталандырудың қосымша жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, демеушілер тартыла отырып, 634 маманға көтермелеу қаржысы төленді. Ал, 164 дәрігер және жедел жәрдем станциясы қызметкерлері қонақүйлерге орналастырылды.

Тікелей сұхбат барысында №2 облыстық аурухананың дәрігерлері науқастарды емдеу жолдары туралы баяндады. Мәселен, инфекциялық стационарға 27 наурыздан бүгінге дейін 123 науқас қабылданған. Оның 59-ы толық нәтижелі емін алып, ауруханадан шығарылды. Ал, жедел жәрдем станциясы мамандарының айтуынша, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандармен жақын және ықтимал байланыста болған азаматтарды тасымалдауға 3 арнайы бригада жасақталған. Сәуірде қосымша 2 арнайы бригада тағы қосылған. Сонымен қатар, қорда бір рет қолданылатын маска, арнайы қорғаныс костюмдері, қорғаныс көзілдірігі жеткілікті. Денсаулық сақтау басқармасы, демеушілер, еріктілер қорғаныс киімдерімен үнемі қамтамасыз етілуде.

«Денсаулық сақтау саласы үнемі басты назарымызда болады. Облыстағы әрбір медицина қызметкерінің орны біз үшін ерекше. Бұл індетті бірге жеңетінімізге сенемін. Отбасыларыңызбен тез қауышуларыңызды тілеймін» - деп облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.