20 қаң, 2023 сағат 12:45

Президенттік кадр резервіне жаңа іріктеу қашан басталатыны белгілі болды

Фото ©Турар Казангапов, Tengrinews.kz

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қазақстанда Президенттік жастар кадрлық резервіне келесі іріктеу 2023 жылы өтетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

"Биыл біз Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу өткіземіз. Мойындау керек, резервшілерді жұмысқа алуда түрлі қиындықтар туындайды. Себебі, кейбір мемлекеттік органдарда 10 резервші тағайындалса, басқа органдарда бірде-бір қызметкер жоқ. Әлеуметтік маңызы бар салаларда - денсаулық сақтау, энергетика, білім беру салаларындағы резервтердің саны мардымсыз. Осыған байланысты резервтегі салалық топтарды қарастырамыз. Кандидаттармен әңгімелесу салалық мемлекеттік органдар мен мамандардың қатысуымен өтеді", - деді Дархан Жазықбаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірлерге дарынды жастарды тартуға көп көңіл бөлініп жатыр. Еліміздің барлық аймақтарынан кадрлық резервтер құру жоспарланып отыр.

Жазықбаев желтоқсанда резервтен шығару тәртібін қарастыратын қаулы қабылданғанын атап өтті.