ҚР Президенті жандағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жұмыстарына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауы бір жағынан, дағдарысқа қарсы шаралардың теңдестірілген жоспары, екінші жағынан – орта мерзімді перспективаға арналған реформалардың дәйекті бағдарламасы болды. Түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін осы Жолдау жария етілген жағдайды түсіну қажет. Әлемдік валюта қорының болжауынша, әлемдік ЖІӨ 2020 жылы 5,2%-ға қысқарады, ал жаһандық дағдарыстың салдары ұзаққа созылады. Сарапшылардың пікірінше, жаһандық экономиканы қалпына келтіру 3 жылдан 5 жылға дейін созылады, ал COVID-19 пандемиясын жеңу үшін кем дегенде екі жыл қажет болмақ. Оның үстіне, халықаралық жағдай қарқын алып келе жатқан сауда соғысымен және әлемнің жетекші державалары – АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси қарама-қайшылықтармен, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азиядағы аймақтық қақтығыстардың шиеленісуімен, мұнай бағасының жоғары құбылуымен күрделене түсті», - деп атап өтті институт басшысы.
Бұл жағдайда Қазақстан оңтайлы және айқын стратегияны таңдады – коронавирустың таралу қарқынын тежеу, халықтың неғұрлым осал топтарына, шағын және орта бизнеске, өндірістік секторға көмек көрсете отырып, ұлттық медицина жүйесінің құлдырауына жол бермеу.
«Әлемнің барлық елдерінде пандемия жалпы экономикалық әл-ауқатқа нұқсан келтірді. Бірақ көптеген елдердің үкіметі халықтың денсаулығы мен өмірі экономикалық көрсеткіштерден гөрі маңызды деп санайды. Дәл осындай мақсат Қазақстан Президентінің карантиндік шараларды енгізу жөніндегі дәйекті және берік саясатының негізінде жатыр. Пандемия кезінде Қазақстан басшылығы мемлекет пен экономиканы басқаруды қолға алуға мәжбүр болды. Сонымен бірге, «қателіктермен жұмыс» ұдайы жүргізіліп, реформалар жалғасуда. Мұндай жүйелі өзгерістердің бағыттары Президент Қ.К.Тоқаветың Жолдауында нақты көрсетілген», - деді З. Шәукенова.
Қазір – экономикалық қызмет кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатқанда экономиканы тұрақтандыру жөнінде стратегиялық сипаттағы шараларды қабылдау маңызды. Ол үшін бұрынғы жеткізу тізбектерін қалпына келтіру, тоқтатылған жобаларды қайта іске қосу, шетелдік инвестициялардың келуін қамтамасыз ету, ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды жүзеге асыру қажет.
«Алдыңғы Жолдаудың міндеттерін орындаудың күрделілігі оны іске асыру мерзімінің әлемде және Қазақстанда пандемияның басталуымен тұспа-тұс келуімен байланысты болды, мұндай жағдайда мемлекеттік аппарат ресурстарының басым бөлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауға және карантин жағдайында қоғамның тіршілігін қамтамасыз етудің базалық жүйелерін қолдауға қайта бағытталды. Сондықтан жаңа Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, өңірлердегі өмір сапасын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру мәселелерін шешу, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысу деңгейін арттыру сиынды маңызды тезистер қайта өзектендірілді», - дейді ҚСЗИ басшысы.
Оның айтуынша, Жолдауда қойылған міндеттер алдағы бес жылға арналған. Осы міндеттер мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында, қоғамдық өмірдің аясы мен салаларын дамыту жөніндегі тұжырымдамаларда нақтыланатын болады.
Осылайша, Үкімет қабылдаған Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар Мемлекет басшысы белгілеген негізгі бағыттар бойынша 143 тармақтан тұрады. Оның ішінде «мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі» - 10 тармақ, мысалы, оған сәйкес 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерге ақы төлеудің жаңа жүйесі іске қосылады.
«Жалпыұлттық жоспардың көптеген тармақтары Президент Жолдауының «жаңа жағдайдағы экономикалық даму» - 42 тармақ, «әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» - 30 тармақ және «қолжетімді әрі сапалы білім» - 16 тармақ сияқты бағыттарына жататыны қисынды болып саналады. Қазақстандық білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қатысты тармақтар қатарында толыққанды оқу процесін қамтамасыз ету үшін бірыңғай білім беру онлайн-платформасы әзірленетін болады. Оның қажеттігі білім беру жүйесінің қашықтан оқытуға көшу кезеңінде ерекше көрінді. Жолдауда «цифрландыру - барлық реформалардың негізгі элементі» сияқты бағыты 8 тармақты көздейді, «теңгерімді аумақтық даму» - 2 тармақты көздейді», - дейді З. Шәукенова.
Жолдауда «азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты» және «азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» сияқты маңызды бағыттарды іске асыруға да тиісінше 10 және 7 тармақ бөлінген. Оның арасында қоғамда көп талқыға түскен жағдайлар да бар, азаматтарға тұрғын үй сатып алу, емдеу немесе қаржы ұйымдарының басқаруына беру үшін өз жинақтарының бір бөлігін пайдалануға және халықтың ауыл әкімдерін сайлауын енгізуге мүмкіндік берілмек.
«Биылғы Жолдауда халық тарапынан барынша қолдау тапқан бағыты ретінде Мемлекет басшысының еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуы, атап айтқанда, медицина кадрларын даярлау туралы мәлімдемелерін атауға болады. Қ.К.Тоқаевтың айтуынша, «Пандемия сирек кездесетін бағыт дәрігерлерін: эпидемиологтарды, инфекционистерді, реаниматологтарды, пульмонологтарды, кардиологтарды даярлау мәселесін көтерді. Үкіметке медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамын жасауды тапсырамын». Шынында да, пандемия кезінде сирек кездесетін жоғары мамандандырылған дәрігерлерді даярлау қажеттігі күрт өскенін көрдік. Ұзақ мерзімді кезеңде халық арасындағы медициналық-демографиялық үрдістерді, халықаралық интеграцияның әсерін ескере отырып, денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дамытудың стратегиялық пайымын енгізу қажет», - дейді сарапшы.
Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, «2018 жылы дәрігерлер тапшылығы жұмыспен қамтылмаған 2482 штаттық орынды көрсетті. Ең көп тапшылық анестезиология-реаниматология, психиатрия, жалпы дәрігерлік практика, акушерия және гинекология, педиатрия мамандықтары бойынша байқалады. Дәрігер кадрларға қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті үш жылдық жұмыспен өтеу енгізілді, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырыстары бөлінеді».
Орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысында 2020-2021 жылдары 19 медициналық колледжде 400 грант бөлінді. «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 225 грант бөлінді, 2021-2022 жылдары 300 грант, ал 2022-2023 жылдары 325 грант бөлу жоспарлануда. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға (резидентура) 2020-2021 оқу жылында 14 білім беру ұйымдарында «Анестезиология және реаниматология» мамандығы бойынша 240 грант, «Пульмонология» - 33, «Кардиология» - 20, «Инфекциялық аурулар» - 200 грант бөлінді.
ҚР ДСМ ресми өкілі 2020 жылғы 4 қыркүйекте ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатындай айтқандай, «Жыл соңына дейін 11 облыс орталығында 2,5 мың төсек-орынға арналған 12 модульдік инфекциялық аурухана құрылысы аяқталады, сондай-ақ Өскемен мен Тараздағы жедел жәрдем ауруханаларының бос тұрған ғимараттарын қайта бейіндеу жоспарлануда. Жаңадан ашылатын стационарлар қолда бар кадрларды қайта бөлу, мамандардың тәлімгерлігімен жеке клиникалардың, резиденттер мен интерндердің мамандарын тарту арқылы медицина кадрларымен жасақталатын болады».
Қазіргі кезде пандемиядан туындаған оқыту форматына байланысты медициналық қызметкерлерді даярлау сапасы төмендемеуі үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов медициналық мамандықтар бойынша оқытудың 70% онлайн-дәрістер мен семинарларға, ал қалған 30% санитарлық-гигиеналық шараларды қатаң сақтай отырып дәстүрлі форматтағы зертханалық және практикалық сабақтарға жататынын баса айтты. Интернатура мен резидентураға дайындық тікелей және қашықтық форматында жүзеге асырылады.
«Жалпы, Президент Жолдауын жүзеге асыру – атқарушы биліктің міндеті. Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, «Жолдауда қойылған міндеттерді шешу экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторына айналады. Мемлекет басшысы жаңа жағдайға сәйкес келетін мемлекеттік және экономикалық саясатты уақытында жасау бойынша нақты іс-шаралар жоспарын белгіледі». Премьер-Министр Үкіметтің Жолдауды толық және уақтылы орындау үшін барлық қажетті ресурстар мен құралдар бар деп атап өтті», - дейді Зарема Шәукенова.