Фото: ашық дереккөз
Президенттің 2024 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін биылғы сәуірде бизнесті жүргізуді реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, енді әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеу тоқтатылып, атаулы әлеуметтік қолдауға басымдық беріледі.
«Сауда үстемесінің 15%-ын бақылауды күшейту мақсатында шекті бағаларды енгізу тетігі алынып тасталды. Бұл – нарықтағы әділ бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Қазіргі таңда елімізде «Цифрлық азық-түлік ваучері» пилоттық жобасы іске қосылған. Ол мұқтаж жандарға көмек көрсетуді әділ әрі мақсатты етуге, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарларды делдалсыз, нақты сатып алу бағасымен алуға жол ашады.
Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары ерекше бақылауда.
«Әрбір іс-шара жоспарлы түрде жүзеге асуда, міндеттер сапалы және уақытылы орындалады», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
