Фото: almatysite.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударатынын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық.
«Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады. Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайтынын айтты.