05 нау, 2025 сағат 13:29

Президент Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековті қабылдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Әкім баяндамасында негізгі көрсеткіштердің айтарлықтай өскені атап өтілді:

  • Өнеркәсіп өндірісі өткен жылы 8%-ға артты;
  • Құрылыс жұмыстарының көлемі 28%-ға ұлғайды;
  • Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 30%-ға жоғарылады;
  • Өңірге 226 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, оның 89%-ы жеке инвестицияларды құрайды;
  • Жалпы сомасы 940 миллиард теңгелік инвестициялық пул жасақталған;
  • Биыл құны 138 миллиард теңгеге тең 17 жоба жүзеге асырылмақ.

Кездесу барысында облыстағы қауіпсіздік және әлеуметтік мәселелер де талқыланды.

  • Президентке қауіпті өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалды. Бұл жұмыстар әкімдік пен Үкіметтің бірлескен әрекетімен жүргізілуде.
  • Дастан Рыспеков жақында «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде орын алған апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына көрсетілген көмектер туралы есеп берді.

Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма берді:

  • Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру;
  • Инфрақұрылымды жаңғырту;
  • Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету;
  • Таза ауызсумен қамтамасыз ету;
  • Экологиялық мәселелерді шешу.