Президент көтерген «Қайырымды істер» марафоны бастамасымен Тәуелсіздігіміздің 30-жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ыстық қайрат. Нұрлы ақыл. Жылы жүрек.
Бұл өткен жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше мән беріп, көпшілікке айтқан Ұлы Абайдың үш ұлық сөзі. Жәй сөздер емес, елді үлкен істерге, игі тірлік пен береке-бірлікке шақырған зор үндеуі. Бүгін, міне, баршамыз осы ортада әдейі бас қосып, осы үндеуді жалпақ жұртымызға, жаны жомарт азаматтар мен жүрегі кең ағайынға – жалпы қазақстандықтарға арнап отырмыз. Президентіміз көтерген осынау игілікті бастама – «Қайырымды істер» марафонымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз десек қателеспейміз», - деді министр.
Оның пайымынша, қайырымдылық, меценаттық және донорлық – біздің қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі.
«Сондықтан да, Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған», - деді А. Балаева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада донорлар мен меценаттардың қатысуымен «Қайырымды істер» марафоны басталды.
Айта кетейік, «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.