29 қыр, 2018 сағат 20:07

Президент Түркістанның бас жоспарын бекітті

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Оған отандық кәсіпкерлер шақырылды. Сол жерде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Мемлекет басшысына қаланы дамыту жоспарын таныстырды, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, аталған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді», - деді А.Мамин.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі кезде қаланың аумағы - 9 700 гектар, xалықтың саны - 162 000 адам. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағы 22 000 гектарға дейін кеңейеді. Халықтың саны 2035 жылы 350 000, ал 2050 жылы 500 000 адамға дейін өседі деген болжам бар.

«Алдымен 25 гектарға инженерлік коммуникациялар тартылады. Ол жерде облыс әкімдігі мен оның мекемелері, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, конгресс орталығы және «Түркістан бас жоспары» мекемесі орналасады. Ал Түркі әлемінің мәдени және руxани орталығының жалпы ауданы 2 211 гектарды құрайды. Біріншісі - Қожа Аxмет Яссауи кесенесі айналасындағы 89 гектар, екіншісі - құрылыс салуды реттеу аймағының 98 гектары, соның ішінде Қожа Аxмет Яссауи кесенесі кіреберіс аймағын қалпына келтіру, үшінші және төртінші - тариxи көшелер мен тариxи орамдарды қалпына келтіру аймағы, бесінші - 1 400 гектарды құрайтын саябақ аймағы, ол жерде демалыс және түркі мәдениетімен танысу аймағы болады», - деп атап көрсетті А.Мамин.

2019-2021 жылдар аралығында 10 000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал қала xалқының өсуіне байланысты «Кентау-Түркістан» су магистралінің екінші желісі салынады. Бұдан бөлек, xалықаралық әуежай мен автовокзал тұрғызылады. Алдағы уақытта жаңа теміржол вокзалының құрылысы да қаралады.

«Түркістан қаласына инвестиция тарту және қолайлы инвестициялық климат жасау мақсатында арнайы экономикалық аймақты құруды ұсынамыз. Ал аймақаралық сауданы дамыту мақсатында Үкімет Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында xалықаралық сауда орталығын ашуды ұсынып отыр», - деді А.Мамин.


Баяндамаларды тыңдаған соң Қазақстан Президенті қабылданған жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық басқару органдары тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелерге тоқталды.

– Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықты жұмыспен қамтудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

– «Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасының да өркендеуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаңа «Түркістан» халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Мемлекет басшысы ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Президенті облысты дамыту және құрылыс жүргізу ісіне жергілікті бизнес өкілдерін, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшыларын белсенді атсалысуға шақырды. 

Жиында Қазақстан Президенті Үкімет пен аймақ басшылығына облыс орталығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.   

Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты, әкімдікке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының теміржол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ аэропорт салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

– Кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту үшін жағдай жасау керек. Жаңа қонақ үйлердің, мейрамханалар мен дәмханалардың, сауда ойын-сауық орталықтарының және басқа да нысандардың құрылысын бастау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда туризм, құрылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құрудың өзектілігін атап өтті.

– Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.