03 ақп, 2020 сағат 12:11

Президент тапсырмасы: Шетелден жұмысшылар тартуға квота 40% қысқартылды

Қазақстанда шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған квота 40 пайызға қысқартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың шекті саны 2020 жылға республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 29 292 бірлікті немесе 0,32%-ды құрады.

«Квота 2019 жылы бекітілген санымен (48 700) салыстырғанда 40 пайызға, оның ішінде 3 санат бойынша (мамандар) – 3 пайызға және 4 санат бойынша (білікті жұмысшылар) – 23 пайызға қысқартылды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 4 санат бойынша шетелдік жұмыскерлерді тартудан толықтай бас тартып, жұмыс берушілердің қажеттілігін жергілікті мамандар есебінен жабуды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.

Квотаны қабылдау ішкі еңбек нарығын білікті емес шетелдік жұмыс күшінен қорғауға, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмыс берушілердің білікті шетелдік жұмыс күшіне деген сұранысын қанағаттандырады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 20 желтоқсандағы өткен Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқартуды тапсырған болатын.