Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті Орталық теміржол ауруханасының жұмысын тоқтату туралы сотқа арыз берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, Президент бұл аурухананың апаттық жағдайы мәселесін көтермей тұрып, департамент 2019 жылдың 13 тамызында тексеру жүргізген.
«Тексеру барысында бірнеше санитарлық талаптың бұзылғаны анықталды. Ғимарат еденіндегі линолеум жыртылған, қабырғаға жарық түсіп, сылақтары түскен. Бұл қажетті дезинфекцияны жүргізуге және стерильді режІмді ұстануға кедергі келтірген. Клиникалық зертханада тазалау мен желдеткішке дезинфекция жұмыстары жүргізілмеген. Паразитологиялық зерттеу жүргізетін клиникалық зертхананың патогендіктің I-IV топтарындағы микроағзаларымен және гельминттермен жұмыс істеуіне рұқсат жоқ», - деді С. Байғабылов.
Сонымен бірге, туберкулездің бациллярлы формасымен ауыратын науқастарды анықтағанда, есепте тұрмаған науқастар туберкулезден көз жұмғанда төтенше жағдай туралы хабарламалар толтырылмаған. Пульмонология бөлімінде емделіп жатқан науқастарға белсенді туберкулез диагнозын қоюда санитарлық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілмеген.
Анықталған фактілер үшін Орталық теміржол ауруханасына 1600 АЕК көлемінде айыппұл салынып (қысқартылған түрде төленді), заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
«2019 жылдың 3 қазанында нұсқаманың орындалуы бойынша тексеру жүргізілді. Алайда, онда көрсетілген 6 тармақтың өрескел бұзу ретінде көрсетілген 2 тармағы жойылған жоқ. Тексеру нәтижесі бойынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша оның қызметін уақытша тоқтатып, айыппұл салу туралы хаттама жасалды және материалдар Нұр-Сұлтан ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. 2019 жылдың 15 қазанына белгіленген бірінші сот тыңдауы кейінге қалдырылды. Келесі отырыс 2019 жылдың 23 қазанында өтті. Онда судья шешім қабылдаған жоқ», - деп түсіндірді С. Байғабылов.
Еске сала кетсек, 8 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Орталық теміржол ауруханасының апаттық жағдайы проблемасын көтерді.
«Орталық теміржол ауруханасының апаттық жағдайы ерекше назар аударуды қажет етеді. Ғимаратқа күрделі жөндеу 60 жыл жүргізілмеген. Атап айтқанда, бұл аурухана бүгінде елордада халық тығыз орналасқан ауданның біріне қызмет көрсетуде. Сарыарқа ауданында 400 мыңға жуық адам тұрып жатыр», - деген болатын Президент.