Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймардановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жандос Шаймарданов:
әлемдік және ұлттық экономикадағы қазіргі трендтер туралы айтты;
құрылымдық реформаларды одан әрі жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берді;
мемлекеттік статистика мен деректерді басқару негіздерін институционалдық тұрғыдан күшейту туралы баяндады:
– Ұлттық статистика бюросына әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау өкілеттігі берілді;
– жыл соңына дейін 9 мемлекеттік органның деректер базасы сапасына бағалау жүргізіледі. Бұл әкімшілік дереккөздері үшін сапа стандарттары мен халықаралық әдістемені қолдануға көмегін тигізеді;
Агенттіктің әкімшілік және баламалы ақпарат көздерін белсенді пайдалануды ескере отырып, статистикалық қызметті қысқа мерзімді жоспарлаудан үш жылға дейінгі орта мерзімді жоспарлауға көшуі жөнінде айтты;
аталған реформалар статистикалық есептілікті 2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік беретінін және деректердің сапасы мен ресми статистикаға деген сенімді арттыратынын жеткізді.
Кездесу соңында Президент әлеуметтік-экономикалық реформаларды жан-жақты пысықтаудың маңызды екеніне тоқталып, Агенттік төрағасына осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.