11 шіл, 2020 сағат 10:08

Президент шетелден тыныс алу аппараттарын жеткізген қоғам белсенділеріне қолдау білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден өкпені жасанды желдету аппараттары пен керекті дәрі-дәрмекті әкелген қоғам белсенділеріне қолдау білдірді. Аппаратты шетелден сатып алғанымен белсенділер оны елге кіргізу проблемасы бойынша Мемлекет басшысынан көмек сұраған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жалпы елге осынау қиын кезеңде көмек көрсетуге белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, ақын Айнұр Тұрсынбаева, блогер әрі журналист Дәулет Мұқаев, Жанат Бақыт, Динара Сәтжан қатарлы белсенді азаматтар жұмылған болатын. Осы азаматтар арнайы шот ашып, халықтан жылу жинаған. Түркия мен Қытайдан өкпені жасанды желдету аппараттары мен дәрі-дәрмекті сатып алған олар осы керек-жарақты елге кіргізу мәселесімен бетпе-бет келген.

Айнұр Тұрсынбаева мен Дәулет Мұқаев осы проблемаға байланысты Президенттен көмек сұраған. Олардың айтуынша бұл керек-жарақтарды елге кіргізіп, пайдалану үшін «СК-Фармация» компаниясының рұқсаты керек болған. Мемлекет басшысы белсенді азаматтардың үніне құлақ асып, оларға көмек берілу керектігін тапсырған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам белсенділеріне көмек беретінін баспасөз хатшысы Берік Уәли растады. Осылайша Айнұр Тұрсынбаева мен Дәулет Мұқаев Түркиядан өкпені жасанды желдетудің 225 аппаратын өңір-өңірлерге таратпақ.

«Сүйінші! Құрметті оқырмандарым! Санаулы сағат ішінде біздің жан-айқайымыз Президентке жетіп, мәселе оң шешімін тапты. Халықтан жиналған ақшаға алынған оттегі аппараттарын біз өзіміз тарататын болдық. Біздің әлеуметтік желіге жариялаған постқа үнсіз қалмай, бірден мәселені шешуге көмектескен барша азаматқа алғысымызды білдіреміз», - деп жазды Дәулет Мұқаев кеше кешке Инстаграм парақшасына.

Белсенділер қаражат жинап, өңірлерге керек-жарақты тарату ісін жалғастыратындар айтып жатыр.