26 сәу, 2019 сағат 11:13

Президент Семей қаласын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды

2025 жылға дейін Семей қаласын дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

«Елбасы барлық уақытта да сіздердің қалаларыңызды дамытуға айрықша назар аударып келді. Өздеріңізде білесіздер, 2017 жылы Семей қаласын әлеуметтік-эконоикалық дамытудың бес жылдық кешенді бағдарламасы аяқталды. Оны жүзеге асыру қаланың, іргелес елді мекендердің коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымында оң өзгерістерге қол жеткізуге, жылумен жабдықтау және абаттандыруды жақсартуға мүмкіндік берді. Қала тұрғындары өмірінің лайықты сапасын қамтамасыз ету мұнан ары да біздің негізгі мақсатымыз болып қала береді», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, 350 мың тұрғыны бар қаланың жылдық бюджеті не бәрі 56,6 млрд теңгені ғана құрап отыр.

«Сондықтан облыс басшылығына 2025 жылға дейін Семей қаласын дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеуге бастамашылық жасауды тапсырамын. Бұл қала дамуының міндеттерін қысқа мерзімді келешекте өзектендіруге мүмкіндік жасайды. Бағдарлама экономика мен әлеуметтік саладағы өсімнің жаңа серпінін береді», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Семей қаласында ірі машина жасау кәсіпорындары жұмыс істейтіндігін, «Семаз» автобустар, тракторлар мен арнайы автомобильдерді шығаратындығын айтты.

«Семейдің өнеркәсіптік әлеуетін барынша белсенді пайдалану қажет. Үкімет пен барлық өңірлердің әкімдеріне отандық техникалаларды сатып алуды арттыру мүмкіншілігін зерделеуді тапсырамын», - деді ҚР Президенті.