Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, егін жинау науқаны және жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша есеп тыңдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Премьер-Министрдің айтуынша, қаңтар-тамыз айларында Қазақстан экономикасының өсімі 3,7 пайызды құраған. Әсіресе құрылыс (8,8%), көлік және қойма ісі (7,9%), байланыс (7,4%), сауда (5,5%), және өңдеу өнеркәсібі (4,9%) секторларында айтарлықтай өсу байқалды. Ауыл шаруашылығына берілген жеңілдетілген қаржыландыру көлемі үш есеге ұлғайып, 580 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде дәнді және бұршақты дақылдардың 70,2 пайызы жиналып, 17,2 миллион тонна астық бастырылған.
Жылыту маусымына дайындық барлық өңірде қарқынды жүргізілуде, әлеуметтік нысандар 98,3 пайыз дайын. Электр станцияларына қажетті 60 миллион тонна көмір қоры жеткілікті.
Сонымен қатар, су тасқыны салдарын жою және алдын алу шаралары бойынша бұған дейін берілген тапсырмалар орындалып, зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленген. Су тасқынынан баспанасыз қалғандарға 5767 үй сатып алынып, 2576 жаңа үй салынған.
Мемлекет басшысы елдің өнеркәсіп әлеуетін арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар тапсырма берді.